Ссылки доступа

Human Rights Watch: Түркіменстан Касымберді Гараевты тез арада босатуы тиіс


Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Түркіменстаннан Касымберді Гараев туралы мәлімет беруді, егер ол қамауда болса тез арада босатып, не себептен қамауға алынғаны туралы түсіндіруді талап етті.

Гараев өзін гей екенін ашық айтқаннан кейін, полицияға шақырылып, содан кейін хабарсыз кеткен.

"Өзінің сексуалдық ориентациясы туралы ашық айтқаны үшін Касымберді Гараевтың із-түссіз жоғалып, хабарсыз кеткеніне алаңдаушылық білдіреміз. Түркіменстанда адам құқықтарының ахуалы өте нашар екенін есепке алғанда, біздің оның қауіпсіздігі үшін алаңдауымызға толық негіз бар", - деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директор орынбасары Рейчел Денбер.

21 қазанда Азаттықтың түркімен қызметі жеке қауіпсіздігі үшін Гараевтың атын Камил деп өзгертіп мақала жариялаған. Онда ауруханалардың бірінде дәрігер болып істеген Касымберді өзінің гей екенін ашық айтқан. Бұл мақала жарияланғаннан кейін ол 24 қазанда полицияға шақырылғанын хабарлаған.

25 қазанда Азаттықтың түркімен қызметі күш құрылымындағы дереккөзге сүйеніп, Ұлттық қауіпсіздік министрлігі өзін геймін деп ашық жариялаған ер адамды тез арада іздестіруді талап еткенін хабарлаған.

Журналистер Ашғабадтағы кардиология орталығына хабарласқанда, ол жақта Касымберді Гараев атты адамның бұдан былай жұмыс істемейтінін айтқан. Оның отбасы Ашғабадтағы үйінен көшіп кеткені белгілі болды.

Түркіменстанда жыныстық азшылық өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрынғы постсоветтік елдер ішінде Өзбекстан мен Түркіменстанда гомосексуализм үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Жас дәрігер 13 қазанда отбасына арнайы видеоүндеу жолдаған. ​

XS
SM
MD
LG