Ссылки доступа

HRW: Әлем елдері Тоқаевты уәдесін орындауға көндіруі керек


Әлем елдері Қазақстанның БҰҰ-да жақында есеп беретін сәтін пайдаланып, адам құқықтарын жақсартуға уәде берген жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сөзінде тұруға көндіруі керек. Бұл жөнінде Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы мәлімдеді.

"Биыл наурызда уақытша президент болып, кейін маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында (ЕҚЫҰ бақылаушыларының есебінше, сайлауда көп заң бұзылып, билікке қарсы наразылыққа қатысқан адамдар жаппай ұсталған - ред.) жеңіске жеткен Тоқаев – БҰҰ үшін бөтен адам емес" деп мәлімдеді Human Rights Watch.

Ол 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарып, одан соң еліне қайтып оралып, билік иерархиясындағы екінші орын – сенаттың төрағасы болған. 30 жылға жуық президент болған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң Конституцияға сәйкес президенттің өкілеті сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшкен.

"Президент Тоқаев БҰҰ-ны басқалардан жақсы біледі. Соған қарамастан, президент болғалы ол Қазақстанды БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі стандарттарына жақындата алмады" дейді Human Rights Watch (HRW) ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.

Ол Қазақстан билігі халыққа қажетті реформаларды жүргізіп, әр пікір мен қоғамдық пікірталасқа құрметпен қарауы үшін басқа елдерді Тоқаевқа ықпал етуге шақырды.

Human Rights Watch мәлімдемесінде Қазақстанда бірнеше белсенді әлі қамауда отырғанын атап өткен. Ұйым мәлімдемесінде 2016 жылы Жер заңының өзгеруіне қарсы митингіге шығып, бес жылға сотталған Макс Боқаевтың, "қаржы жымқырды" деген айыппен сотталған кәсіподақ басшысы Ерлан Балтабайдың есімін атаған. Құқық қорғаушылар "Балтабайға тағылған айыптың саяси астары бар" деп санайды (оған Қазақстан президенті кешірім беріп, оның жеті жылдық түрме мерзімі 4 мың АҚШ доллары шамасындағы айыппұлға ауыстырылған, алайда Балтабай кешірімнен бас тартатынын айтқан соң ол "айыппұлды төлемеді" деген себеппен бес айға қайта түрмеге қамалған).

XS
SM
MD
LG