Ссылки доступа

Украина Ресейден басып алынған кемелерді қайтаруды талап етті


Украина сыртқы істер министрлігі былтыр қараша айында Қара теңізде ұсталған әскери кемелерді босатуды талап етіп, Ресейге нота жолдады. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі Вадим Пристайко мәлімдеді.

Нотада кемелерді қайтарып беретін орынды және уақыты жазылған.

Осының алдында Украина СІМ басшысының орынбасары Елена Зеркаль Украина Ресейге жеті рет хат жазғанын, бірде-бірінде жауап алмағанын мәлімдеген.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) халықаралық трибуналы мамыр айында Ресей кемелерді қайтарып беру керек деген шешім шығарған. Бірақ Мәскеу трибуналдың үкімін танымады. Ресей украин кемелері теңіз шекара заңын бұзды деп есептейді.

2018 жылдың 25 қарашасында Украинаның әскери кемелері Қара теңіздегі Керч бұғазына жақындағанда, оларды ресейлік шекарашылар ұстап, оқ атқан. Нәтижесінде украиналық экипаждың 24 мүшесінің біразы тұтқынға алынды. Олар уақытша тергеу абақтысында 9 ай отырды. Қыркүйек айының басында теңізшілер "35-ке 35" формуласы бойынша босатылды. Бірақ Ресей кемелерді әлі қайтармады.

XS
SM
MD
LG