Дубай тағының мұраері Өзбекстанға сапары жайлы видеоны Twitter'дегі парақшасына жариялады. Оның құрметіне жайылған дастархан басында түсірілген суретті өзбек президентінің кіші күйеу баласы, Президент қауіпсіздігі қызметі төрағасының бірінші орынбасары Отабек Омаров Instagram парақшасына салды.
Дастархан басында Дубайдан келген құрметті қонақ пен оның адамдары, Мирзиевтің күйеу балалары – Ойбек Тұрсынов пен Отабек Омаров отыр.
1 қарашада әлеуметтік желілерде Дубай тағының мұрагеріне тиесілі ондаған қыранның ұшақ бортында қонақтап отырғаны жайлы видео талқыланды.
Бұның алдында ханзада Хамдан бин Мохаммед әл-Мактумның Өзбекстанның Науаи облысына аңшылыққа келгені хабарланған. Өзбекстанда аңшылық науқаны кезінде Қызыл кітапқа енген бір дуадақты аулау 6 мың доллар тұрады.
Өзбекстан экология және қоршаған ортаны қорғау комитеті қызметкерінің хабарлауынша, "араб шейхтары аңшылыққа арнайы рұқсат алған". Дегенмен ол Дубайдан келген қонақтар нақты қанша төлегенін айта алмады.
Еске салайық, биыл қазан айында Қазақстан үкіметі Біріккен Араб Әмірлігінің үш шейхы мен Катардың бір шейхына қорықтағы 131 дуадақты аулауға рұқсат берген. Араб шейхтары әрбір құс үшін бюджетке 82 миллион теңге немесе 225 мың доллар төлеген.