Ссылки доступа

АҚШ Хаменеидің ұлы мен Иран бас штабының бастығын санкция тізіміне қосты


Аятолла Али Хаменеи

АҚШ қаржы министрлігі Иранға салынған санкцияны дүйсенбіде тағы да ұлғайтты. Иран аятолласы Әли Хаменеи мен Иран қарулы күштері бас штабының айналасындағы тоғыз адамды санкция тізіміне қосты.

АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин санкцияға ілінген адамдардың Американың шетелдегі нысандарына шабуыл жасағандарға және Иран азаматтарын азаптау мен өлтіруге қатысы бар деп мәлімдеді.

Санкцияға ілінгендер арасында аятолла Хаменеидің ұлы Моджтаб Хаменеи, Иран қарулы күштері бас штабының бастығы Мохаммад Багери, Хаменеи әкімшілігінің жетекшісі Голпаегани және Иран жетекшісінің "оң қолы" Уахид Хаганиан бар.

Санкция туралы хабар 1979 жылы Ислам революциясынан кейін АҚШ елшілігін басып алып, Американың ондаған азаматын кепілге алу оқиғасына 40 жыл толу қарсаңында жарияланды.

Сонымен қатар, дүйсенбі күні АҚШ билігі орталық барлау басқармасының осыдан 11 жыл бұрын Иранда жоғалған бұрынғы агенті Роберт Левинсонның қайда екенін анықтауға жәрдемі тиетін ақпаратқа 20 миллион доллар сыйақы беруге уәде еткені белгілі болды.

XS
SM
MD
LG