Ссылки доступа

Түркия соты екі оппозициялық журналисті бостандыққа шығарды


Ахмет Алтан (сол жақта) және оның бауыры Мехмет Алтан
Ахмет Алтан (сол жақта) және оның бауыры Мехмет Алтан

Түркия соты оппозициялық Taraf газетінің бұрынғы бас редакторы Ахмет Алтан мен журналист Назлы Ылыжакты ешқайда шықпау жөніндегі тілхат негізінде бостандыққа шығарды. Бұл туралы өлкенің мемлекеттік Anadolu агенттігі хабарлады.

2018 жылы ақпан айында оппозициялық журналистер Назлы Ылыжак, Ахмет Алтан және оның бауыры, профессор Мехмет Алтан қуғындағы дін уағыздаушысы Фетхуллах Гүленнің тыйым салынған қозғалысымен байланыста болған деп айыптап, өмір бойы түрме жазасына кесілген. Түрік билігі 2016 жылы жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкерісті Гүлен ұйымдастырған деп есептейді.

Биыл шілде айында Түркияның Жоғарғы Кассациялық соты журналистерге тағылған "Мемлекеттік төңкеріс жасауды ұйымдастыру" бабын "Террорлық топқа көмектесті" деген бапқа алмастырған. Осыған байланысты сот ісі қайта қаралып, олардың жаза мерзімі қысқартылды.

Ахмет Алтан менен Назлы Ылыжак үш жылдан бері қамауда отырғандықтан, тілхат негізінде босатылды. Өткен жылы бостандыққа шыққан Мехмет Алтанға сот ақтау үкімін шығарған.

2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін Түркияда 80 мыңнан астам адам қамалып, 150 мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан алынған. Президент Режеп Ердоғанды сынағандар ол төңкеріс әрекетін саяси қарсыластарын жою үшін пайдаланып жатыр деп айыптап келеді.

XS
SM
MD
LG