Ссылки доступа

Тәжік билігі: шекара бекетіндегі шабуылға "Ислам мемлекеті" тобының қатысы бар


Тәжікстан билігі Рудаки ауданындағы "Ишкобод" шекара бекетіндегі қарулы шабуылға "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік тобының қатысы бар деп мәлімдеді.

Шабуылдан бір шекарашы мен полиция қызметкері қаза тапты. 15 содыр өлтіріліп, бесеуі ұсталған. ИМ түнгі шабуылды әзірге мойнына алмады.

Расталмаған мәліметтерге қарағанда, содырлардың біреуі әйел болуы мүмкін.

Тәжікстанның шекара қызметі қарулы топ Ауғанстаннан 3 қарашада заңсыз өтіп келіп, 6 қарашаға қараған түні шекара бекетіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Шекара бекеті Душанбеден 60 шақырым қашықтықта, Өзбекстанмен шекаралас маңда орналасқан.

Оқиға болған жерде қазір оперативті тергеу жүріп жатыр. Қазір шекара бекеті жартылай жабық тұр. Бас қалада және айналасындағы аудандарда қауіпсіздік шаралары күшейді.

Ресейлік “РИА Новости” агенттігі Өзбекстанның шекара қызметіне сілтеме жасап хабарлағандай, өзбек тарабы тәжік әріптестерімен бұл оқиғаны бірлесіп тергеп жатыр. Шабуыл Тәжікстанның Конституция күнінде және президент Эмомали Рахмон Еуропада ресми сапармен жүрген кезде болған.

XS
SM
MD
LG