Ссылки доступа

Шымкентте шұңқыр қазған екі жұмысшы мерт болды


8 қараша күні түнде Шымкенттегі Нұрсәт шағын ауданында шұңқыр қазған бірнеше жұмысшыны топырақ басып, екеуі мерт болды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов айтты.

Оның сөзіне қарағанда "Югстрой сервис-Н" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үш жұмысшысын қазаншұңқыр қазып жатқанда топырақ басып қалған. Оқиға орнында екі адам мерт болып, бір адам жараланған.

- Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Серіктестіктің еңбек заңнамасы мен техникалық қауіпсіздік шараларын сақтағаны-сақтамағаны анықталатын болады, - деді басқарма басшысы.

Әзірге, компания түсініктеме бермеді. Қалалық төтенше жағдай департаментінің айтуынша, 1965 және 1969 жылы туған екі жұмысшы қайтыс болған. Олардың денесін шығаруға бес сағат уақыт кеткен.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызының хабарлауынша, жараланған 1993 жылы туған жұмысшы қалалық ауруханаға жеткізілген.

- Науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежелі. Денесінің бірнеше жері сынған. Қазір нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр, - деді Лаура Нахыпқызы Азаттық тілшісіне.

Қалалық әкімдіктің дерегінше, "Югстрой сервис-Н" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Нұрсәт шағын ауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығында жаңадан салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысын жүргізген.

Қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабымен іс қозғаған. Тергеу басталып, сот сараптамасы тағайындалған.

XS
SM
MD
LG