Ссылки доступа

Түркіменстанда соңғы 19 жылдан бері бірінші рет опера қойылды


Түркіменстанда операға тыйым салынған 19 жылдан кейін, бірінші рет Ашғабадтың мемлекеттік театрында италиялық композитор Руджеро Леонкаваллоның "Паяцы" шығармасы қойылды.

Елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязов тұсында опера мен балетке мүлдем тыйым салынған. Бұл өнер түрлерін түркімен менталитетіне жат деп санап келген.

Италия мен Түркіменстан арасындағы мәдениет алмасу бағдарламасы аясында қойылған опера аншлагпен өткен. Онда италиялық әртістермен бірге түркіменнің баритон дауыстағы опера әншісі Амангелді Аманов та өнер көрсеткен. Ол соңғы рет 2001 жылдың наурыз айында сахнаға шыққан.

Түркіменстанның бірінші басшысы Сапармұрат Ниязов 2001 жылы ұлттық өнерді қорғаймын деп, опера мен балетке тыйым салған. Оның мұрагері, Ниязовтың жеке тіс емдеушісі болған Гурбангулы Бердімұхамедов 2006 жылы билікке келгеннен кейін де бұл өнерге тыйым салуды жалғастырды.

XS
SM
MD
LG