Ссылки доступа

Бішкекте жемқорлыққа қарсы бейбіт шеру өтті (видео)


Жемқорлыққа қарсы бейбіт акцияға шыққандар. Бішкек, 25 қараша 2019 жыл.
Жемқорлыққа қарсы бейбіт акцияға шыққандар. Бішкек, 25 қараша 2019 жыл.

Бішкек қаласындағы Жогорку Кенештің ғимараты алдында жемқорлыққа қарсы бейбіт акция өтіп жатыр. Оны #ReАкция деп атаған азаматтар бұл шараға кедендегі жемқорлық туралы журналистік зерттеуден кейін шыққанын айтады.

- Халықтың талабы көп, соның негізгі үшеуін қойып отырмыз: бірінші - Райымбек Матраимов қамауға алынсын, екінші – барлық ұры түрмеге қамалсын, үшіншісі – нақты реформа жасалсын. Біз ұстанымымызды білдіруге шықтық. Мұнда митингіге бірінші рет келіп тұрғандар бар,- дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі Ұлан Усойун. Оның сөзінше, акцияны саяси күштердің ешбірінің қатысынсыз азаматтардың өздері ұйымдастырған.

Акцияға ішкі істер министрлігінің өкілдері келіп, "митингіге тыйым салу туралы" сот шешім көрсетті.

"Футбол матчтарына, ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының кезекті отырысына және Қазақстан президентінің сапарына байланысты 13 қарашадан бастап кез келген митингіге тыйым салу туралы сот шешімі бар", - деп хабарлады қырғыз милициясының өкілі.

Алайда акцияға келген заңгерлер сот шешімін оқығанын, оның тек 13 қарашадағы нақты бір акцияға ғана арналғанын түсіндірді. Осыдан кейін милиционерлер қайтып кетті. Журналистерге "акцияны заңсыз" деген олар қандай шара қолданатынын айтпады.

Бүгін Қырғызстан президентінің сыртқа саясат бөлімінің меңгерушісі Данияр Сыдықов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келетінін хабарлаған болатын.

Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығымен (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан кемінде 700 миллион доллар заңсыз шығарылғаны жайды зерттеуінің екінші бөлігін жариялаған. 10 қарашада Стамбулда журналистік зерттеу кейіпкерлерінің бірі, Қытай бизнесмені, ұйғыр Айеркен Саймаити өлітірілген болатын. Ол журналистермен сөйлескенде қаржы айла-шарғысына мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов отбасының қатысы бар" деген еді.

Жогорку Кенеш депутаты Искендер Матраимов інісінің "кедендегі жемқорлыққа қатысы барын" теріске шығарып, журналистер қылмыскер ретінде күдікке ілінген адамның сөзіне сүйенген" деген болатын.

XS
SM
MD
LG