Ссылки доступа

Апелляция жаңаөзендік белсенді Елшібаевтың үкімін өзгертпеді


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

25 қарашада Ақтау қаласындағы сот жастардың жұмыссыздық мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ержан Елшібаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Ол "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен бес жылға бас бостандығынан айырылған.

Ақтаудағы апелляциялық сот Елшібаевтың қатысуынсыз өтті. Адвокаттарының сөзінше, ол қазір Ақтаудағы тергеу түрмесінде отыр. Қорғаушылар апелляциялық соттан Елшібаевтың жазасын бас бостандығын шектеуге алмастыруды сұраған. Сот шешім оқыған сәтте залға жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлады.

Елшібаевтың әйелі әрі қорғаушысы Динара Хайруллина енді Жоғарғы сотқа шағым түсіретіндерін айтты.

17 қарашада Жаңаөзен қалалық соты Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап, 2-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған.

Тергеудің орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Бұған дейін бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан.

Белсенділер мен Елшібаевтың әйелі Динара Хайруллина бұл істің саяси астары бар деп санайды. Тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

31 жастағы Ержан Елшібаев биыл ақпан-наурызда Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен.

24 наурызда полиция Елшібаевтың үйіне келіп, оны ұстап әкеткен. Ол содан бері қамауда отыр. Елшібаевтың жаза уақыты 24 наурыздан бастап есептеледі. Белсенді ұсталғанға дейін полиция тарапынан қысымға ұшырағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG