Ссылки доступа

Белсенді Дулат Ағаділ босап шықты


Уақытша қамау орнынан босап шыққан белсенді Дулат Ағаділ. Ақмола облысы, 26 қараша 2019 жыл.
Уақытша қамау орнынан босап шыққан белсенді Дулат Ағаділ. Ақмола облысы, 26 қараша 2019 жыл.

Босап шығуына бір күн қалғанда "изолятордан өз еркімен кетіп", кейінірек қайта қамалған белсенді Дулат Ағаділ 26 қарашада таңертеңгі сағат 11.00 шамасында бостандыққа шықты.

Белсендінің Ақмола облысы Ақмол кентіндегі уақытша қамау орнынан шыққан сәтіне Азаттық тілшісі де куә болды. Ағаділдің айтуынша, ол өтеуі тиіс жазаның барлығын өтеп шыққан.

Өткен аптада белсендінің жақтастары оны 21 қарашада босатады деп уақытша қамау изоляторына қарсы алуға барған кезде қамау орны қызметкері Ағаділдің 18 қараша күнгі сот шешімі бойынша тағы бес күн қамауда болатынын айтып, босатпаған еді.

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған еді.

13 қарашада Дулат Ағаділдің тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Ішкі істер министрлігі оның "өз бетімен изолятордан шығып кеткенін" айтса, жақтастары ресми орындардың дерегіне күмән келтіріп, Ағаділ отырған изоляторға да барып, түсініктеме беруді талап еткен. 14 қарашада Ағаділ Нұр-Сұлтандағы бас прокуратураға өзі кезіккен "заңсыздықтарға" шағымдану үшін барған кезде полиция сол жерден ұстап әкетті. Сол жерде жақтастарымен сөйлесіп үлгерген Ағаділ "заңсыздық пен қудалау қашуға мәжбүр етті" деп айтқан.

15 қарашада полиция "қамау орнынан өз еркімен кеткені үшін" Ағаділді Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша ("Сот шешiмiн орындамау") жауапқа тартып, Целиноград аудандық соты 14 қарашада босап шығуы тиіс болған Ағаділге тағы алты күн қосып берген.

Белсендінің адвокатының айтуынша, бұған дейін Ағаділдің үстінен сот отырыстарының бірінде "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" әкімшілік іс қозғалып, 8 қарашада оны бес күнге қамау туралы қаулы шыққан. 18 қарашада Көкшетау соты бұл іс бойынша апелляциялық шағымды қарап, өзгеріссіз қалдырған. 21 қарашада бес күндік жазасын өтеуі үшін оны қамауда қалдырған.

XS
SM
MD
LG