Ссылки доступа

Қырғызстанның қуғындағы экс-президентінің немесері фамилиясын "Петров" деп өзгертіп, кәсіп жүргізіп жүр


Қырғызстанда ұзақ мерзімге сырттай сотталған елдің бұрынғы президенті Курманбек Бакиевтің немересі, Марат Бакиевтің ұлы Руслан фамилиясын Петров деп өзгертіп, Беларусьта кәсіппен айналысып жүр. Бұл туралы Naviny.by сайты жазды.

Басылым мәліметіне қарағанда, 25 жастағы Руслан Петровтың Минск қаласындағы Centropol кешенінің құрылысына қатысып жатқан компаниялардың бірінде үлесі бар. Бұл жобаға салынған инвестицияның көлемі 80 миллион долларға бағаланған.

Naviny.by сайтының журналистері кешенге құрылыс істерін жүргізіп жатқан "Гермес Констракшн" компаниясы мен акцияларының 75 проценті Руслан Петровқа тиесілі Forpaton Resource LP компаниясының байланысын анықтаған.

"Руслан Петров – Курманбек Бакиевтің немересі деп болжауға болады. Себебі, бұрынғы қырғыз президентінің отбасымен түскен суреттегі адам Руслан Петровтың Facebook, Linkedin сайтындағы және ол білім алған Беларусь мемлекеттік университеті сайтындағы суреттерге ұқсайды", - деп жазады басылым.

Naviny.by Беларусьтың заңдық және жеке тұлғаларды тіркеу мәліметіне сүйеніп, Руслан Петров биыл наурыз айында тіркеуден өткен "Белхантер-Инвест" компаниясының құрылтайшыларының бірі екенін жазады.

Былтыр жергілікті ақпарат көздері Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсенов аты-жөнін Даниил Урицкий деп өзгертіп, Беларусьта бизнес ашқанын жазған. Ол Қырғызстанда 2010 жылдың сәуір оқиғасына қатысты қылмыстары үшін айыпталып, өмір бойы түрме жазасына кесілген.

Курманбек Бакиев Қырғызстанды 2005-2010 жылдары басқарған. 2010 жылдың сәуір айындағы халық толқуынан кейін, елден қашып, Беларусь астанасы Минскке жайғасады.

Бакиев және оның жақындары Қырғызстанда қылмыстары үшін сырттай сотталған. Өздері айыптарын мойындаған емес.

XS
SM
MD
LG