Жергілікті полицияның хабарлауынша, түс ауасында ер адам әйелі жұмыс істейтін нотариалдық кеңсеге басып кіріп, граната жарамын деп қорқытқан. Жәңгір хан көшесі бойында Нотариус кеңсесі орналасқан үйдің тұрғындары толығымен эвакуацияланған. Көпқабатты үйдің жарығы мен газын сөндірген.
Ер адаммен келіссөзді полиция мен прокуратура және арнайы қызмет өкілдері жүргізді.
"13:10 шамасында "102"-ге қоңырау түсті. Онда қолында пышағы бар ер адам граната жарамын деп қорқытып жатқанын айтты. Полиция қызметкерлері барғанда, үрей туғызған адамның нотариус кеңсесіне барып, есікті құлыптап тастағаны белгілі болды. Үйдің жанындағы мектептен оқушылар мен мұғалімдер толық шығарылды. Бірнеше сағаттан кейін оқиға орнына үрей туғызушының бауырлары жеткізілді. Келіссөзден кейін ол кепілдікке алған әйелін босатты", - деді полиция өкілі Серік Сүйінбаев.
Күдікті ірі көлемде ақша және ұшақ талап еткен. Куәгерлердің айтуынша, полиция қызметкерлері терезе арқылы оған шампан мен кәмпит берген. Бірақ бұл ақпаратты полиция өкілдері терістемеді, не растамады.
Ұсталған күдіктіге қарсы "кепілге алу" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Полиция мәліметі бойынша, ер адам бұрын сотталған.
Күдіктінің әйелі пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді.