Ссылки доступа

БАҚ: АҚШ Иран СІМ басшысына виза бермей қойды


АҚШ билігі Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зарифке виза бермей қойды. Иран министрі 9 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысуы керек болған. Бұл туралы Reuters және Foreign Policy басылымы америкалық үкіметтегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

АҚШ билігінің виза беруден бас тарту себебі әзірге белгісіз. Мемлекеттік департамент бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеді.

БАҚ мәліметіне қарағанда, мұндай шешім Вашингтон мен Тегеран қарым-қатынасы шиеленіскен тұста қабылданып отыр. Бұған 3 қаңтарда Иракта Иран генералы Касем Сүлейманиді АҚШ күштері жарып жіберуі себеп болды. Арнайы операцияны ұйымдастыру туралы жарлықты президент Дональд Трамптың өзі берген. Иранның сыртқы істер министрі Қауіпсіздік Кеңес отырысында әлемдік қауымдастықты генерал Сүлейманиді өлтірген АҚШ әрекетін сынауға шақыруы керек еді.

БҰҰ іс-шараларына қатысушыларға виза бермеу - 1947 жылы қабылданған келісімге қайшы. Foreign Policy дерекөзінің айтуынша, иран министрі визаны "бірнеше апта бұрын" сұратқан.

Вашингтон қауіпсіздік үшін виза беруден бас тарту құқығына ие деп отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

XS
SM
MD
LG