Ссылки доступа

Жаңаөзендіктер газ бағасының өскеніне наразы


Нұрлыбек Нұрғалиев
Нұрлыбек Нұрғалиев

Жаңаөзен тұрғындары мен кәсіпкерлер сұйытылған газ бағасының литрі 53-55 теңгеден 63-65 теңгеге қымбаттағанына наразы болып, қала әкімдігіне жиналды. Олар биліктен газ құнының күрт көтерілу себебін түсіндіруді талап етті.

Наразы топпен Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров, Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Қартбаев пен «Қазақ газ өңдеу зауыты» компаниясының директоры Нақберген Түлепов кездесті.

Жиналғандардың атынан сөз алған қала тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиев газ бағасының 55 теңгеден 65 теңгеге өсуі халықтың қалтасына салмақ салып отырғанын айтты.

- Газды ортада сатып отырған делдалдар ауадан ақша жасап отыр. Газ бағасының көтерілуі күнін әрең көріп отырған елдің ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл мәселені әкімдер шеше алмайтын болғандықтан премьер-министр Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзенге келуін талап етеміз. Халықтан үлкен емес шығар, - деді Нұрлыбек Нұрғалиев.

«Қазақ газ өңдеу зауытының» директоры Нақберген Түлепов жиналғандармен кездесуде өндірілген газ электронды сауда алаңында сатылғанға дейін бірнеше делдал арқылы жеткізіліп келгенін айтты. Ал электронды сауда алаңына шығарылған газды кез келген жеке кәсіпкер сатып алып, қайта сатылымға шығарады.

Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров Instagram парақшасына газ мәселесі бойынша жеке кәсіпкерлермен кездескенін жазып, қалаға бөлінген газды 55 теңгеден сату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Маңғыстау облысында сұйытылған газдың жалғыз өндірушісі - 1973 жылы салынған «Қазақ газ өңдеу зауыты». Зауыт ай сайын 14-14,5 мың тонна газ өндіреді. Аймақта газға сұраныс – 17 мың тонна. Энергетика министрлігі жетпеген газ көлемін «Ақтөбемұнайгаз-СНПС» акционерлік қоғамы есебінен жауып келеді. Бірақ іс жүзінде бәрі жеткілікті көрінгенімен, газдың бағасы бірнеше жылдан бері тұрақталмай келеді. 2011 жылдары аймақта газ бағасы 30-35 теңге болатын. Одан кейін де Жаңаөзенде газ бағасы бірнеше рет өскен.

XS
SM
MD
LG