Ссылки доступа

Тәжікстан шекарадағы жанжалға Қырғызстан жауапты деп мәлімдеді


Тәжікстан билігі шекарадағы жанжалға Қырғызстан жауапты деп есептейді. Бұл туралы Тәжікстан ұлттық ақпарат агенттігі хабарлады.

Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, "9 қаңтарда кешке Кок-Таш ауылының қаруланған тұрғындары қырғыз азаматы Абдулаев Султанбектің үйінің маңына жиналып, Тәжікстан азаматтарының Сомониён ауылына апаратын жолмен жүруіне кедергі жасады".

Тәжік тарапының мәліметі бойынша, сағат 21:30-да қырғызстандықтар Ходжаи ауылы тұрғынының автокөлігіне тас атқан, оған жауап ретінде бұл ауылдың тұрғындары сағат 00:10-да қырғыз азаматының автокөлігіне тас атқан.

Түнгі сағат екі шамасында Кок-Таш ауылының тұрғындары мылтықпен ауға оқ атқан, ал таңғы төрт шамасында олар мылтықпен Исфара қаласы ішкі істер бөлімі қызметкерінің автокөлігіне оқ атты. Оқ автокөлік есігіне тиді, қызметкер зардап шекпеді.

Тәжік тарабы шекарадағы жанжалға Қырғызстанның тиісті органдары жауапты деп мәлімдеді.

Тәжік-қырғыз шекарасындағы жалжал туралы әуелі Қырғызстан билігі хабарлаған. Қаңтардың 10-ына қараған түні қырғыз-тәжік шекарасында белгісіз біреулер Қырғызстанның екі азаматына тиесілі көліктерді таспен атқылап, соның салдарынан көлікте отырғандардың кейбірі жараланған. Бұл оқиғалардың бірі - Баткен облысы Жака-Орук елді мекенінде түнгі сағат 00:40 шамасында, екіншісі - түнгі бірлер шамасында Кочо-Карын елді мекенінде болған. Қырғызстанның ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, бұдан соң түнгі 2:40 шамасында "Кок-Таш ауылында тәжік жақтан араға үзіліс салып, бірнеше рет оқ атылған". Әзірге ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Қауіпсіздік мақсатында Кок-Таш ауылының кейбір тұрғындары басқа жаққа көшірілген.

10 қаңтарда таңертең Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі "тәжік тарабының атысты тоқтатқанын" хабарлады. Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Баткен облысында құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG