Ссылки доступа

Қ. Тоқаев: Қордайдағы қақтығыстың артында "криминалды топтар тұр"


1 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына, өткен айда қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болған Қордай ауданына барды.

Қазақстан президенті елде болған ең қанды ұлтаралық жанжалдан болған аймаққа оқиғадан бір айдай уақыт өткен соң барды.

Қаракемердегі жиында Тоқаев Қордайдағы ұлтаралық жандал "қазақстандықтарды дүр сілкіндіріп, әлемді елең еткізді", "бұл оқиға мемлекетке, елге нұқсан келтірді" деді. Оның сөзінше, ел-жұрт Қордайдағы жағдай қайталанбас үшін осы оқиғадан сабақ алуы тиіс.

"Абыройымызға зияны тиді. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет" деді ол ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Тоқаев Қордайда заңсыз контрабандамен айналысқан екі қылмыстық топтың арасындағы текетірестен жанжал шыққанын, соның салдарынан 11 адам қаза болғанын айтып, жергілікті билікке пара алу мен шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

"Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды" деді ол.

Тоқаев қаракемерліктермен кездесуде "жанжалдасқан екі контрабандалық топты" нақты атамады, "заңсыз табыс көзі" жайлы ашып айтпады.

Қазақстан президенті Жамбыл облысының бұрынғы басшылығын сынап, "жергілікті басшылық, құқық қорғау органдарының басшылары қақтығыс болған жерде еш даму болмайтынын түсінбегендіктен жұмыстан кеткенін" айтты. Оның сөзінше, Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың мақсаты – "тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою".

Ақорда сайты Тоқаевтың этникалық дүнгендер тұратын Сортөбе ауылының тұрғындарымен де жолыққанын хабарлады. Сортөбеліктермен кездесуде ол "Қордайдағы қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алда бірге өмір сүреміз. Оқиғадан сабақ алуымыз керек. Бұрын мұндай болмаған. Бұл бір жағынан биліктің де қателігі. Сондықтан мен сол күні-ақ басшыларды, құқық қорғау органының басшыларын ауыстырдым" деді.

Тоқаев сортөбеліктермен жиында этникалық дүнгендерді балаларына қазақ тілін үйретуге шақырды.

"Балаларыңыз орыс және өзінің дүнген тілін де білуі керек. Мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтау үшін мемлекет бар қолдауды көрсетеді. Сіздердің мемлекеттік тілді білгендеріңіз де маңызды. Әсіресе, ауылда тұратындар білгені жөн" деді ол.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды.

Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді. Үкімет қақтығыста қираған үйлер мен сауда орындарын қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.

Жанжал салдарынан 23 мыңнан астам адам көрші Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG