Ссылки доступа

Bloomberg: Сауд Арабиясы Еуропаға мұнайды 25 доллардан сатуға ниетті


Сауд Арабиясы Еуропаға тасымалдайтын Arab Light үлгісіндегі мұнай көлемін үш есеге көбейтіп, баррелін 25 доллардан сатуға ниеттеніп жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Сауд Арабиясының Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясының бұл ұсынысын голландиялық Royal Dutch Shell, британиялық BP, франциялық Total, испаниялық Repsol және CEPSA компаниялары қабыл алған.

Saudi Aramco ұсынған баға Ресейдің 32,25 доллардан сатылып жатқан Urals үлгісіндегі мұнайдан әлдеқайда арзан. Агенттік егер орыс тарабы бағаны төмендетпесе, Urals Еуропа базарынан ысырылып шығады деп болжайды.

Өткен аптада Вена қаласында кездескен ОПЕК+ өлкелерінің өкілдері өндіріс көлемін шектеу бойынша келісімге келе алмады. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы өндіріс көлемін тәулігіне 1 миллион баррелге көбейтіп, мұнайды 6-8 долларға арзан сата бастағанын мәлімдеген. Осыдан кейін дүние жүзі бойынша мұнай бағасы түсіп кетті.

Осыдан кейін шикізатқа тәуелді елдердің ұлттық валютасының құны түсіп кетті. Ресейде еуро 84 рубльге жетсе, Қазақстанда доллар 400 теңгеден асып кетті.

XS
SM
MD
LG