Ссылки доступа

Тәжік мигранттары қазақ-өзбек шекарасында қалып қойды


Өзбекстан билігі 16 наурыздан бастап өзге елдермен әуе және көлік байланысын тоқтатып, шекараны толық жапты. Бұл тұста тәжік мигранттары қазақ-өзбек шекарасында қалып қойды.

Олар Ресейден отанына қайтып келе жатқан. Абдулло есімді тәжік мигрантының Озоди радиосына хабарлауынша, қазақ шекарашылары тек өзбек азаматтарын ғана өткізіп жатыр.

Оның айтуынша, қазір шекарада 200-ге тарта тәжік азаматы тұр. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар.

Мигранттар Қазақстандағы тәжік елшілігіне хабарласқан, бірақ жауап ала- алмаған.

15 наурызда Өзбекстанда Франциядан оралған азаматтан COVID-19 коронавирусы анықталған. Ресми ақпаратқа сәйкес, соңғы тәулікте Өзбекстанға ұшақпен 5 мың адам, пойызбен 2 мың және көлікпен 38 мың адам келген. Олардың көбі Ресей, Қазақстан және Еуропа елдерінен келген.

Соңғы мәліметке қарағанда, Өзбекстанда 6 адамнан коронавирус анықталды. Бірінші болып COVID-19 анықталған әйелдің ұлы мен қызы да індетті жұқтырған. Сонымен бірге Стамбұлдан Ташкентке ұшып келген азаматтан да коронавирус анықталған.

Орталық Азия елдерінде COVID-19 жұқтырған бірінші жағдай Қазақстанда тіркелген. Қазір ауырғандар саны тоғызға жетті.




XS
SM
MD
LG