Ссылки доступа

Шымкентте "пара алған" 12 кеденші сотталды


16 наурыз күні Шымкенттегі қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан облысындағы «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің 12 қызметкерін 1 жылдан 10 жылға дейін соттап, біреуін ақтады. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Үкімді тыңдауға сотталушылардың туыстары мен қорғаушылары, прокурор келді. Судья Әбинұр Қарабаев үкім оқып жатқанда сотталушылардың туыстары жылап тұрды.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық (қазіргі Түркістан облысы - ред.) мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Теңлібаев пен «Қапланбек» кеден бекетінің басшысы Еркін Байсапаров «ірі мөлшерде бірнеше рет пара алғаны» үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Облыстық кіріс департаментінің басқарма басшысы Сейітжан Ештаев, «Қазығұрт» кеден бекетінің басшысы Нұрлан Оспанов «ірі мөлшерде бірнеше рет пара алғаны» үшін 4 жылға сотталды. Сот оған үкім шығарарда тергеу кезінде өзге қылмыскерлерді табуға көмектескенін ескерген.

«Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің басшысы Алмас Жұмабаев пен бірнеше кеден бекетінің бес қызметкері «ірі мөлшерде бірнеше рет пара алғаны» үшін 7 жылға, тағы бір қызметкер «айтарлықтай мөлшерде пара алғаны» үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің бас маманы мен үш азамат парақорлыққа делдал болғаны үшін 1 жылдан төрт жарым жылға дейін сотталды. 2018 жылдың маусым айында қамауға алынған үш делдал жазаны толық өтеп шыққаны үшін, сот залынан босатылды.

Сотталған 4 кеденші айыбын толық мойындаған, 11 адам тағылған айыппен келіспеген. Сотталушылардың барлығы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейді.

«Сарыағаш станцасы» кеден бекетінің қызметкері Есқараев пара алғаны дәлелденбеген соң ақталды» деді судья Қарабаев.

Үкімге қатысты сотталушылар қандай да бір комментарий бермеді.

Айыптау актісіне сай, сотталушылар тауар тасыған кәсіпкерлерден 20 миллион теңгеге дейін пара алған. Күдіктілер 2018 жылдың маусым айында ұсталған. 2019 жылдың шілде айында іс сотқа түскен. 180 томға жуықтаған «кеденшілер» ісінде 16 адам ұсталып, олардың жетеуі қамалған. Үшеуі тергеу кезінде қылмыстық істі ашуға көмектескені үшін үйқамақта болып, қалғаны кепілмен босатылған.

2018 жылы «Кеденшілер ісі» бойынша күдікке ілінген екі адамға іздеу жарияланғанымен, әлі табылған жоқ.

XS
SM
MD
LG