Ссылки доступа

Өзбекстанда жұртты даурықтырған адамдарға қылмыстық іс қозғалады


Өзбекстанда тағы төрт адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Елдің денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәлімет бойынша, жалпы он адам аталған індетке шалдыққан.

Инфекция бірінші болып жұқтырған Ташкент тұрғынының туысынан табылған. Ол Парижден 11 наурызда келген. Екіншісі Лондоннан 14 наурызда Uzbekistan Airways компаниясының HY201 рейсімен оралған. 15 наурызда ауру жұқтырған әйелдің ұлы мен қызынан да коронавирус табылған. 16 наурызда бірінші науқастың күйеуі мен немересінен де індет анықталған.

Осыған дейін бірінші науқаспен байланысқан туыстарының бәрі карантинге жатқызылғаны айтылған. Бұл әйелмен бір ұшақта болған 24 жолаушы да карантинде жатыр.

Бұл арада Өзбекстанның әділет министрлігі Телеграм-каналы арқылы жұртты дүрбелеңге түсірген адамдарға қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді.

«Дүрбелеңді мақсатты түрде туғызған адамға 44 млн 600 мың сумнан 89 млн 200 мың сумға (4,6 мыңнан 9,3 мың долларға дейін) дейін айыппұл салынып, 3 жылға дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Не болмаса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге жоғарыдағы әрекеттерді алдын ала келісіп, қызмет бабын пайдаланып, діни ұйымдардың және шетелдік ұйымдардың қаржысын пайдаланып, бұқаралық ақпарат құралдарын, интернетті және әлеуметтік желілерін пайдалана отырып жасаған адамдар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені ескертілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, үй карантинінде 5661 адам жатыр. Олар ауру жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болған. Тағы 641 адам ауруханада немесе арнайы мекемелерде оқшауланған.

XS
SM
MD
LG