Ссылки доступа

Қырғызстанда коронавирус жұққан алғашқы үш адам анықталды. Үкімет төтенше жағдай енгізуі мүмкін


Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев 18 наурызға қараған түні үш адамнан коронавирус анықталғанын мәлімдеді. Үшеуі де - Сауд Арабиясына кіші қажылыққа барып қайтқан Сузак ауданының тұрғындары.

"Сауд Арабиясына барып келген үш азаматтан табылды. Олар 12 наурызда Шаржадан Қырғызстанға келген. Медициналық тексеруден өтіп, үйде медициналық қызметкерлердің бақылауында болған" деді министр.

Оның сөзінше, карантинге 90 адам жатқызылған. Олардың біразы ауру жұқтырғандармен бірге Сауд Арабиясынан ұшып келген. Коронавирус жұқтырғандардың жасы – 70, 62 және 43-те. Қазір қалған 45 жолаушыны іздестіріп жатыр.

Індет шыққан Жалал-Абад облысы Созақ ауданына карантин енгізілді. Үкіметегі дереккөздің хабарлауынша, Қырғызстан бойынша төтенше жағдай жариялау қарастырылып жатыр.

Министр Чолпонбаев Қырғызстанның коронавируспен күресуге дайын екенін, қажетті дәрі-дәрмек, емдеу орындары жеткілікті екенін айтты.

17 наурызда Қырғызстанда коронавирусқа байланысты мешіттерде жұма намазын өткізуге уақытша тыйым салды. Бас мүфтидің Қырғызстан мұсылмандарына арнаған мәлімдемесінде мешіттердің жабылмайтыны, азан оқыла беретіні жазылған. Бірақ оларға жұма намазын үйде оқуға кеңес берген. Бұған қоса, мешіттерде діни уағыз айтуға да шектеу қойылған.

Қырғызстан - Орталық Азияда коронавирус табылған Қазақстан және Өзбекстаннан кейінші үшінші мемлекет. Бұған дейін министрлік елде 300-ден астам адамның дәрігерлер бақылауында екенін хабарлаған.

Қазақстанда 18 наурызда 35 адам, Өзбекстанда 13 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.​

XS
SM
MD
LG