Ссылки доступа

Ресейде пандемияға қарамастан Конституцияға енгізілген өзгерістерге дауыс беру 22 сәуірде өтеді


Ресей президенті Владимир Путин Конституцияға енгізілген өзгерістерге жалпыхалықтық дауыс беру мерзімін 22 сәуірге белгілеу жөнінде жарлық шығарды. Жарлық мәтіні Кремль сайтында жарияланды.

22 сәуір – сәрсенбі, бірақ бұл күні демалыс деп жарияланды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жарлыққа түсініктеме беріп, "егер коронавирусқа байланысты елде жағдай күрт нашарласа, дауыс беру күні өзгеруі мүмкін" деді.

Ресейде ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 114-ке жетті. Мәскеуде және өзге аймақтарда қоғамдық шараларға тыйым салынып, оқу орындары мен мектептер уақытша жабылды.

Биыл қаңтар айында Путин Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсынған. Сол кезде ол енгізілген өзгерістер жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қабылданатынын айтқан.

Мемлекеттік думада Путин енгізген өзгерістерді қарау кезінде, оның осы уақытқа дейінгі президенттік мерзімін толық жою жөнінде түзетулер енгізілді. Мұны депутат Валентина Терешкова ұсынған. Путин онымен келісті. Бұл өзгеріс Путинге 2024 жылы да президент сайлауына түсіп, әрі қарай тағы да екі рет сайлануға, яғни 2036 жылға дейін билікте қалуына мүмкіндік береді.

Бұл талаптарды елдің оппозициялық, қоғамдық өкілдері мен заңгерлер қатаң сынға алған. Ал Конституциялық сот болса, Негізгі заңға қайшы келмейді деп тапты.

Ресейдің әр аймағында Конституцияға енгізілген өзгерістерге қарсы акциялар өтіп жатыр. Елде коронавирусқа байланысты 50 адамнан асатын жиынға тыйым салынды.

XS
SM
MD
LG