Ссылки доступа

Алматыда "коронавирус жұқтырған науқас" тұратын тұрғын үй кешенін қоршады


Алматы қаласында 18 наурызда кешке "Сұңқар" тұрғын үй кешені қоршауға алынды деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары. Бұл үйде "коронавирус жұқтырған науқас" тұрады. Тұрғындарға 15 күн бойы кешеннен шығуға тыйым салынған.

"Сұңқар" тұрғын үй кешені Қабанбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан. Vласть интернет-журналының қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа сілтеме жасап хабарлауынша, тұрғындар арасында жұқпалы ауру тарап кетпес үшін ғимарат ішінде карантин орнатылған.

19 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап коронавирусқа байланысты Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізілді. Қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылады. 22 наурызда екі қалаға қатынайтын пойыздар мен ішкі рейстер толық тоқтайды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 36-ға жетті. Олардың 18-і - Алматыда, 18-і Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. Олардың арасында екі бала бар.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сәрсенбі күні түстен кейін 17 науқастың жағдайы - орташа деп мәлімдеді. Олардың басым бөлігі Еуропа елдерінен ұшып келген.

XS
SM
MD
LG