Ссылки доступа

Өзбекстан: Гүлнара Каримова шетелдегі ақшасын қайтару бойынша келіссөздерге қатыса алмайды


Өзбекстанның әділет министрлігі Гүлнара Каримованың шетелде бұғатталған активтерінің жартысын елге қайтарғаны жөніндегі мәлімдемесіне түсінік берді.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Гүлнара Каримованың активтерді қайтардым дегенінде ешқандай заңдық негіз жоқ әрі шындыққа сәйкес келмейді. Мекеме қазір 1,3 млрд долларды елге қайтару үшін жұмыс істеп жатыр.

Атап айтқанда, Өзбекстанның әділет министрлігі мен бас прокуратура Швейцария, Франция, Ресей, Латвия және басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен Гүлнара Каримованың "қылмыспен келген" 1,3 млрд доллардан астам қаржысын қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

«Аталған қаржы қазір Г. Каримованың (отбасы мүшелерінің) атында емес, оны шетелдің тиісті органдары "қамауға" қойған», – деп хабарлады әділет министрлігі.

Таяуда Гүлнара Каримова Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің атына ашық хат жариялап, егер өзін бостандыққа шығарса, жеке есепшотында жатқан 686 млн долларды қайтаратынын айтқан. Ол сонымен бірге Швейцария прокуратурасының шешімімен 131 млн доллар Өзбекстанға қайтарылғанын жеткізген.

18 наурызда Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримоваға ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мемлекет ақшасын жымқырды, көлеңкелі жолмен келген қаржыны заңдастырды деген айып тағып, 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырған.

Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, қылмыстық істі қарау барысында елге келген шығынның жалпы сомасы 3,8 трлн сум және 165 млн доллар болған.

XS
SM
MD
LG