Ссылки доступа

Қазақ-өзбек шекарасында ондаған өзбекстандық еліне өте алмай тұр (видео)


25 наурызда өзбек-қазақ шекарасында 500, ал өзбек-қырғыз шекарасында 150-ден астам өзбекстандық тұрып қалды. Оларды Өзбекстанға кіргізбей жатыр.

35 жастағы Нүкіс тұрғыны Пулат Атырау қаласында жұмыс істеген. Маңғыстау облысындағы "Тажен" шекара бекетінен өте алмаған ол, қайтадан Атырауға қайтқан.

– Мен Атырауда үш ай жұмыс істедім. 23 наурызда "Тажен" шекара бекеті арқылы еліме қайтпақ болдым. Ол жақта 400 адам тұр. Олардың бәрі еңбек мигранттары, бірі Қазақстанда жұмыс істеген. Енді бірі Ресейден қайтып жатыр. Шекараны толық жапқан. Мен кері Атырауға қайттым. Қалғандары шекарада тұр, – дейді Пулат.

Қазақстандағы "Дустлик" өзбек қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов шекарадағы жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Ол қазір қазақ шенеуніктері өзбек билігімен келіссөз жүргізіп жатыр деді. Айтуынша, карантинға қосымша орындар дайын бола салысымен, азаматтарын қабылдауға уәде берген.

Өзбек-қазақ шекарасында сонымен бірге Тәжікстанның 47 азаматы бар көрінеді. Олар Өзбекстан арқылы Тәжікстанға өтуді жоспарлаған. Бұл мәселені шешу үшін қазір қазақ билігі ресми Душанбемен келіссөз жүргізіп жатыр.

Өзбекстан 16 наурыздан бастап барлық шекарасын жауып, әуе және автокөлік байланысын тоқтатты.

XS
SM
MD
LG