Ссылки доступа

Өзбекстан коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханалар салып жатыр


Өзбекстан коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханалар құрылысын бастап кетті. Емдеу мекемелері Ташкент қаласында және төрт облыста салынады. Бұл туралы республиканың денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ташкентте үш аурухана салынып жатыр. Балалардың жұқпалы аурулар ауруханасында 144 орын болады.Балалардың кардиоревматологиялық ауруханасында 158 науқас ем қабылдайды. Мекемелер бірнеше айдан соң жұмыс істейді.

Ташкент стоматологиялық институтының жаңа ғимараты 250 орындық аурухана болады. Мекеме биыл мамыр айында науқас қабылдайды.

Емдеу мекемелері Ташкент облысының Шыршық және Зәңгіата аудандарында салынып жатыр. Алғашқысы карантинге арналса, соңғысы 10 мың науқас қабылдай алады. Құрылыс жақында аяқталады.

Карантинге арналған ғимараттар мен емханалар Әндіжан, Навои және Сұрқандария облыстарында салынып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елде 65 адам коронавирус жұқтырған, 20 мыңнан астам адам карантинде жатыр.

XS
SM
MD
LG