Ссылки доступа

Қазақстандық құқық қорғаушылар COVID-19 пандемиясы кезінде саяси тұтқындарды босатуды сұрайды


Қазақстандық құқық қорғаушылар халықаралық қауымдастықтан коронавирус кең тарап жатқан тұста елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап етуді сұрайды.

6 сәуірде жариялаған мәлімдемеде Қазақстан билігінің 16 наурыздан төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 32 белсендіні қамауға алғаны, 17 адамға әкімшілік айыппұл салынғаны айтылған.

"Бұл сандар биліктің COVID-19 пандемиясына қарсы күресудің орнына саяси қарсыластарымен күресуді жалғастырып жатқанын білдіреді" деп атап өткен мәлімдемеде.

"Біз бүгінгі жүйенің саяси тұтқыны деп есептейтін Әсет Әбішев, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, Ержан Елшибаев, Санат Букенов, Жамбыл Көбейсінов, Руслан Гинатуллин, Игорь Чуприн, Игорь Сычев, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы секілді азаматтарды босатуды талап етеміз", – делінген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасында жариялаған үндеуінде.

Құқық қорғаушылар абақтыларда карантин тәртібі сақталмайды деп қауіптенеді.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны 685 адамға жеткен.

XS
SM
MD
LG