Ссылки доступа

Өзбекстанда тұрғындар қолма-қол ақша алу үшін банк ғимараттары алдында кезекте тұр


Өзбекстанның бірнеше облысында банкомат арқылы ақша шеше алмаған тұрғындар банк ғимараттары алдында кезекке тұруға мәжбүр.

Наманган облысы Чартак ауданының 68 жастағы зейнеткері Абдулла-аканың айтуынша, төрт күннен бері аудандағы банкоматтарда ақша жоқ.

"Қазір жағдай ауыр, халыққа қолма-қол ақша керек. Ауданда үш банкомат қана бар. Олар жұмыс істемей тұр. Банктерде ақша жоқ дейді. Пластикалық картамен дүкендерден азық-түлік сатып алу қымбатқа түседі, базардағылар қолма-қол ақша сұрайды", - деді ақсақал.

Дәл осындай жағдай Әндіжан мен Хорезм облыстарында болды.

"Біз тауарды көтерме базардан аламыз. Онда қолма-қол ақша ғана жүреді. Банктер ақша бермеген соң, біз де қолма-қол ақша сұраймыз", - дейді хорезмдік кәсіпкер Арслан Нуришов.

Өңірлердегі "Хамкорбанк", "Агробанк", "Халк банк" және "Асака банк" филиалдары карантин кезінде ақша аз аударылғандықтан халыққа қолма-қол ақша беру қиындағанын мойындады.

"Карантин кезінде қолма-қол ақша тапшы, сол себепті тұрғындарға пластикалық картамен есеп айырысуға кеңес береміз", - деді "Хамкорбанк" филиалының қызметкері.

Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, елде қолма-қол ақша беретін мыңға жуық банкомат жұмыс істеп тұр.

Дегенмен өзбекстандықтар банк ғимараттары алдында ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Банкоматтар ақша қабылдайды, бірақ ақша бермейді дейді олар.

Бұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус қолма-қол ақшадан да жұғуы мүмкін екенін ескерткен.

XS
SM
MD
LG