Ссылки доступа

ДДСҰ АҚШ-тың коронавирустың зертханадан пайда болды деген мәлімдемесін дәлелсіз деп атады


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның коронавирус Ухандағы зертханадан жасалған деген мәлімдемесін дәлелсіз деп мәлімдеді.

Ұйым Құрама Штаттар үкіметінен айтқан сөздеріне дәлел келтіретін ешқандай анықтама алмадық дейді.

"Біз Құрама Штаттар үкіметінен көзқарасына дәлел келтіретіндей ешқандай мәлімет алмадық. Сол себептен дәйексіз айтылған дүние деп есептейміз", - деді ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі бағдарлама директоры Майкл Райан. Райан сонымен бірге вирустың қайдан пайда болғаны жөнінде саяси емес, ғылыми зерттеу жүргізуге шақырды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 3 мамырда вирустың Ухан зертханасынан пайда болғаны жөнінде жеткілікті дәлелдер барын мәлімдеген. Бірақ ол жан-жақты тоқталмады. Кейін Помпео бұл мәлімдемесін ABC каналына берген сұқбатында тағы қайталады.

Қытайдың мемлекеттік CCTV телеканалы 4 мамырда Помпеоның мәлімдемесін "ешқандай шындыққа сәйкес келмейтін ақылсыз әрі екіұшты айтылған" деген пікір білдірді.

XS
SM
MD
LG