Ссылки доступа

Сардоба су қоймасы апатынан зардап шеккендер қайырымдылық көмектің ұрланып жатқанын айтады


Су қоймасы бөгеті бұзылып, елдімекенді су басқан Сырдария облысының зардап шеккен тұрғындарына Өзбекстанның барлық аймағынан қайырымдылық көмек жіберіліп жатыр.

61 жастағы Хасанбой Шерматов қайғылы оқиғадан зардап шеккен "Саховат" ауылының тұрғыны. 1 мамырда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, жақын маңдағы елдімекенді су шайып кетті. 6 мамырда біразы үйіне оралған. Солардың бірі Хасанбой ақсақал. Ол үйінде жейтін тамағы жоқ екенін айтады.

– Мен әйелім және немереммен тұрамын. Қазір ауылда ешқандай дүкен істемейді. Ауыл басшылығына барып, отбасыма азық-түлік сұрадым. Ол жақтағылар бәрі бітіп қалды деді. Көршіміздің бірі шелпек пісірген екен. Соны әкеп берді, – дейді 61 жастағы зейнеткер.

Ақ алтын ауданы әкімшілігі қызметкерлерінің бірі келіп жатқан қайырымдылық көмектің ұрланып жатқанын жоққа шығармайды.

– Қайырымдылық көмектің алғашқы топтамасы 3 мамырда кешкісін келді. Біз оларды Sub-dry фирмасының қоймасына қойдық. Күнде олардың бір бөлігін ауыл ауылға тасып, таратады. Өтірік айтпай-ақ қояйын, жергілікті прокуратура және әкімшілік қызметкерлері осы азық-түліктен өздеріне тамақ пісіруді бұйырады. Әкімнің ұлы келіп, көлігіне азық-түлік тиеп әкеткенін өз көзіммен көрдім, – дейді әкімшілік қызметкері.

Ақ алтын ауданы әкімінің орынбасары Олим Абдуллаев болса мұны теріске шығарды.

Әкімшілік мәліметінше, су басқан аудандардан 44 мың 380 адам эвакуацияланған. Су басылғаннан кейін 41 мыңнан астам адам үйіне қайтып оралған.

Топан су үш ауылға ауыр зардап әкелген. "Шодлик" ауылы үйлерінің 90 проценті бұзылған. "Ахиллик" ауылы үйлерінің 50 проценті, "Саховат" ауылы үйлерінің 30 проценті қайта жөндеуге келмейді.

Қазір үш ауылдың тұрғындары жергілікті мектептерге уақытша орналастырылған.

Ел президенті Шавкат Мирзияевтің тапсыруымен 2020-2021 жылдары Сырдария облысының Сардоба, Ақ алтын және Мирзаабад аудандарына көпқабатты 50 үй салынбақ.

XS
SM
MD
LG