Ссылки доступа

Гонконгте мыңнан аса адам қала еркіндігіне қауіп төндіретін Пекин заңына қарсы шықты


24 мамырда Гонконгте мыңнан аса адам Қытайдың ұлттық қауіпсіздік туралы заңын қабылдау туралы жоспарына қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Полиция демократияшыл белсенділерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашты.

Жексенбі күні Гонконгтің адам көп жүретін Козвэй-Бэй ауданына жиналған наразылар “Жалғыз жол – Гонконг дербестігі” сияқты ұрандар көтерді. Reuters агенттігі наразылыққа келген жастардың сөзінен үзінді келтірді:

"Мен қамаудан қорқамын, бірақ бәрібір осында келіп, Гонконг болашағы үшін наразылыққа шығуға тиіспін" деді жастардың бірі.

"Ұлттық қауіпсіздік туралы заң күшіне енгеннен кейін олар бұған дейін айыпталған адамдардың соңына түсе ме деп алаңдаймын және полиция әрекеті бақылаудан шыға ма деп қорқамын" деген 16 жастағы студент Туинни.

Полиция қызметкерлері коронавирус індеті кезінде сегізден артық адам жиналуға болмайтынын ескертіп, наразылыққа жиналған мыңдаған адамды қала орталығынан таратуға тырысты. Ақыры полицейлер оларға көзден жас ағызатын газ шашып, бұрыш баллондарын қолданды. Reuters агенттігінің тілшісі бұл пандемия кезінде Гонконгте болған ең ірі наразылықтардың бірі деп жазды.

21 мамырда Пекин ұсынған ұлттық қауіпсіздік туралы заң Қытай орталық билігінің қауіпсіздік органдарына Гонконгте агенттік құрып, сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл Қытай әкімшілік аумақты толықтай өз бақылауына алуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтіп, Қытай мен АҚШ арасындағы келіспеушілікті тереңдете түсті.

Қала әкімшілігі қоғам және шетел инвесторларының алаңдаушылығын басу амалын іздестіріп жатыр. Қытай жоспары қаржы нарығында әбігерлік туғызып, шетел үкіметтері, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары, бизнес топтар оны өткір сынады.

4 маусымда қол қойылады деп жоспарланып отырған жаңа заңнама Гонконгтің заң шығару кеңесін айналып өтпек. Ол "сатқындық, сепаратизм, бүлік, шетелдің араласуына" тыйым салады.

Қытайдың Гонконгте позициясын нығайтуға тырысуы Пекин "бір ел, екі жүйе" саясатын өзгертуге бет бұрды деген қауіпті зорайта түсті. Бұрын Британия колониясы болған Гонконг 1997 жылы Қытайға беріліп, бірақ 2047 жылға дейін ішкі саясатын өзі анықтауға мүмкіндік алған. Әкімшілік аумақ Пекинге тек сыртқы саясат пен қорғаныс мәселесінде бағынатын болған.

23 мамырда әлемнің 200-ге жуық танымал саяси тұлғасы мәлімдеме таратып, Пекин ұсынған заңдар "қала еркіндігі, заң үстемдігі мен негізгі бостандыққа нұқсан келтіреді" деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео заң "Пекиннің Гонконгке уәде еткен жоғары деңгейдегі еркіндігін жояды" деді.

Қытай өзге елдердің жаңа заңнамаға байланысты шағымдарын қабылдамай, мұны "елдің ішкі ісіне араласу" деп атады, әлем елдері пандемиямен әуре болып жатқан шақта Гонконгте үстемдігін арттыру үшін көбірек күш салуға дайын екенін білдірді.

Былтыр маусымда Гонконг үкіметі Пекин күдікті санаған адамдарды Қытайға экстрадициялау жөнінде заң жобасын ұсынған соң, жергілікті халық бірнеше айға созылған наразылық акциясын бастаған. Үкімет заң жобасынан бас тартқанымен, митингілер жылдың соңына дейін жалғасқан. Басында наразылар заң жобасына қарсы шыққанмен барған сайын акциялардың ауқымы кеңейіп, ақыры Қытай президенті Си Цзиньпин мен Коммунистік партияға тікелей қарсы шыққан.

Гонконгте жағдайдың ушығуы АҚШ пен Қытай арасында көптеген сала бойынша (коронавирус пен геосаяси даулардан бастап, сауда және технология бәсекелестігіне дейін) келіспеушіліктер тереңдеген кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.

Гонконг жұртының былтырғы наразылығын қолдап, наразыларға күш қолдануға қатысы бар Қытай және Гонконг шенеуніктеріне осыған дейін санкция салған Вашингтонның көңіл-күйі Пекинге қатысты күрт өзгерді. АҚШ мемлекеттік департаменті Гонконгтің ерекше сауда мәртебесін қайтару мәселесін қозғауы мүмкін.

XS
SM
MD
LG