Ссылки доступа

Қырғызстан арнайы қызметі жемқорлық туралы зерттеу мақала үшін Азаттық журналистері "пара алды" деп есептейді


Қырғызстан арнайы қызметі Азаттықтың қырғыз редакциясының журналистері ақшаны заңдастырумен айналыстым деген адамнан 100 мың доллар пара алған деген негізсіз мәлімдеме жасады. Ол жемқорлық туралы журналистік зерттеу аясында басты дереккөз болған.

Бұл мәлімдеме 2 маусым күні ұлты ұйғыр қытайлық кәсіпкер Айеркен Саймаитидің өліміне байланысты парламенттік тыңдау кезінде айтылды. Қытайлық кәсіпкер бірнеше жыл қатарынан Қырғызстаннан жүздеген миллион доллар шығарумен айналысқанын журналистерге айтқан болатын.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясының президенті Джейми Флай жоғарыдағы мәлімдемені "билігі мен дәулетін сақтап қалғысы келетін коррупциялық тараптардың журналистерге "кегі" деп атады.

Саймаити былтыр қараша айында Стамбұл қаласында қаза тапты. Ол оған дейін журналистерге қырғыз шенеуніктері ақшаны қалай шетелге шығаратынын дәлелдейтін құжаттардың көшірмесін берген.

Оның өлімінен кейін Азаттықтың қырғыз қызметі, "Клооп" жаңалықтар қызметі мен OCCRP журналистік зерттеуін жария етті. Зерттеу материялдарына сәйкес, шетелге шығарылған қаражат мемлекеттік кеден агенттігінің бұрынғы басшысы Райымбек Матраимовпен тікелей байланысты. Бұл мақала Қырғызстанда халықтың жаппай наразылығын туғызды.

Саяси элитаға ықпалы зор Матраимовтың өзі Саймаитимен байланысы барын теріске шығарады. Ол және оның отбасы "абыройымызды төкті" деп журналистерді сотқа берген.

2 маусымда өткен парламент тыңдауы кезінде Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу басқармасының басшысы Самидин уулу Сагынбек Саймаитидің "Азаттық журналистеріне 100 мың доллар пара бергені жөнінде екі куәгерді тапты" деп мәлімдеді. Нақты дәлел бар ма деген сұраққа, ол жоқ деп жауап берді.

Тергеу ісі Саймаити өліміне дейін, оның ұлты ұйғыр қазақстандық төлқұжаты бар Хабибулла Абдукадырмен ақшаға байланысты кикілжің болғанын айтады. Хабибулла Абдукадыр Орталық Азияға, Біріккен Араб Әмірлігі мен АҚШ-қа заңсыз жүк тасымалдайды дейді. Бірақ бұл адам жөнінде көбі білмейді.

XS
SM
MD
LG