Ссылки доступа

Тоқаев "Қырым сценарийінің қайталану мүмкіндігі" жайлы: "Бұлай болжауға негіз жоқ"


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орыстар көбірек шоғырланған Қазақстанның солтүстік облыстарында "Қырым сценарийі қайталануы мүмкін" деп болжауға негіз жоқ деп санайды. Ресейлік "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында президент осылай деген.

"Псевдосарапшылардың мұндай болжамдары ештеңе негізделмеген. Мұндай жорамал Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және Ресеймен арадағы тату қарым-қатынасты бұзуға бағытталған. Мұндай болжамды тек біліксіз адамдар, біреуге жағынғысы келген қаскөйлер ғана айтуы мүмкін" деді Тоқаев басылым тілшісіне.

Президент сонымен бірге Қазақстанда орысша елді мекен аттарын қазақшалау және "славян ұлты өкілдерінің мемлекеттік органға орналасу кезінде қиындықтарға ұшырайтыны" туралы сұрақтарға жауап берген. "Елді мекен аттары жаппай өзгертіліп жатқан жоқ" деген президент бірқатар елді мекендердің көне аттары қайтарылды, "совет дәуірін еске салатын үндеспейтін топонимдер, жергілікті тұрғындар арасында танымал емес" атаулар алынып жатыр деп айтқан.

"Билік орысша атаулардан толық арылу мақсатын қойып отырған жоқ. Жақында Қарағандыда Григорий Потанин, Александр Затаевич көшелері пайда болды. Мемлекеттік қызметке барғысы келетін адамдарға дискриминация жасалады деген тұжырыммен де келіспеймін. Славян және өзге этнос өкілдері барлық үкіметтік мекемелерде, парламентте, мәслихаттарда бар. Орыстар шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Конституция бойынша, орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекеттік органдарда қолданылады" деді Тоқаев.

Президент сұхбат барысында сонымен бірге Қазақстанның Ресей мен Беларусь одағына қосылу жоспары жоғын да айтқан.

Ашық дереккөзіндегі ақпарат бойынша, Қазақстанда орыс ұлты өкілдері елдегі халықтың 18,8 (3 миллион 800 мыңға тарта адам) пайызын құрайды. Этникалық орыстардың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында - 49, Қостанай облысында шамамен 40 пайызды құрайды.

XS
SM
MD
LG