Ссылки доступа

Парижде мыңдаған адам расизмге қарсы наразылық шеруіне шықты


Франция астанасында наразылық акциясына жиналған мыңдаған адам 24 жастағы қара француз Адама Траорені еске алды. Ол 2016 жылы полиция қолынан қаза тапқан.

Коронавирус пандемиясына байланысты қабылданған шектеу шараларына қарамастан, Париждегі наразылық шеруіне 15-20 мың адам қатысты.

Акцияға жиналғандар АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың қазасын сөз етті. Олар "Тұншығып барамын!" деп жазылған плакаттар ұстап тұрды.

Наразылық шеруі полициямен қақтығысқа ұласты. Наразы топ полиция қызметкерлеріне бөтелке мен тас лақтырды, қоқыш жәшіктерін өртеді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резіңке оқ пайдаланды. Наразылық акциялары Лилль, Марсель және Лион қалаларында да өтті.

АҚШ-та 26 мамырдан бері расизмге қарсы наразылық шерулері өтіп жатыр. 46 жастағы афроамерикалық Джордж Флойдтың қазасы халықтың наразылығын тудырды. Бірнеше қалада наразы топ полициямен қақтығысты. Сейсенбі күні Құрама Штаттардағы ондаған қалада комендант сағаты жарияланды. Президент Дональд Трамп бірқатар штаттың губернаторларын шара қолданбады деп сынап, наразылықты басу үшін қарулы күш қолдана алатынын ескертті.

XS
SM
MD
LG