Ссылки доступа

Атыраудағы изоляторда "бүлік" болғаны хабарланды


3 маусымда Атырау қалалық тергеу изоляторында сотталушылар камера терезесінен қан дақтары бар киім көрсетіп, "көмектесіңдер, жедел жәрдем шақырыңдар" деп айқайлады. Сотталушылардың туыстарының сөзіне сүйенген "Ақжайық" басылымы сәрсенбі күні осылай деп хабарлады.

Басылым тілшісі тергеу изоляторына барған кезде мекеме алдында сотталушылардың туыстары - шамамен 40 шақты адамның тұрғанын көрген.

"Мұнда жүрген адамдар таңертеңгі сағат 10-да хабарласып, маған бауырың терезеден қан дақтары бар жайма көрсетті деді. Біз дереу жедел жәрдем шақыруды сұрадық, бірақ [мекеме қызметкерлері] бізге ғимаратта медициналық бөлім бар деп айтты. Ештеңе біле алмай отырмыз" деді изоляторда отырған туысына алаңдаған Лаура есімді тұрғын басылымға.

Тергеу изоляторында інісінің отырғанын айтқан Надежда есімді әйел інісінің бұған дейін қысымға шағымданғанын айтқан.

"Жақында ініме маған хабарласуға мүмкіндік берген. Ол маған күн сайын өзін ұрып-соғатынын айтты. Бүгін түнде анонимді қоңырау түсіп, інім мен жанындағы адамдардың соққыға жығылғаны белгілі болды. Таңертең облыстық прокуратураға барып, өтініш жаздым. Біз көмек сұраймыз, мұнда бізге ешкім ештеңені түсіндіргісі келмейді. Оларды бізге туыстарымызды көрсетсін, олар ана жақта жедел жәрдем сұрап жатыр. Бірақ ешкімді шақырып жатқан жоқ. Өзіміз шақырайық десек, шақыруды қабылдамайды, изолятор қызметкерлері өздері шақыруы тиіс" деді ол.

Облыстық прокуратура басқармасының жетекшісі Сәкен Жандырбаев басылымға бірнеше сотталушы мен тергеудегі адамның ішкі тәртіпке бағынбағанын айтқан.

"Қазір тексеру жүріп жатыр. Қазір маған жолыққысы келгендердің бәрін қабылдадым. Дене жарақатына байланысты сараптама тағайындалатын болады" деп айтқан.

Тергеу изоляторы сотталушылардың бір ғана туысының ішке кіруіне рұқсат берген. Қалғандары оған туыстарының аты-жөндерін жазып берген. Әзірге туыстарының сотталушыларды көре алғаны-алмағаны белгісіз.

Республикалық қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Атырау тергеу изоляторында бес сотталушының "мекеме тәртібін бұзып, өзгелерді де тәртіпсіздікке шақырғанын" айтып, тәртіптік изоляторға қамалғанын хабарлады. Бұл фактіге байланысты "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы бойынша (428-бап) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

XS
SM
MD
LG