Ссылки доступа

Ферғана облысының басшысы Сохтағы "шулы" қышлақты картадан сызып тастаймын деп сес көрсеткен


Әлеуметтік желілерде Ферғана облысы басшысы Шухрат Ганиевтің дауысына ұқсайтын адамның Сох ауданы тұрғындарымен кездесуде "шекараны жауып, шулы қышлақты картадан сызып тастаймын" деп сес көрсеткен аудиожазбасы тарады.

Ферғана облыстық әкімшілігі бұл аудиожазба бойынша түсінік бермеді.

Аудиожазбада Шухрат Ганиевтің дауысына ұқсайтын адам жергілікті 74 тұрғынды түрмеге қамап, "шулы қышлақты" картадан сызып, бүтіндей Сох ауданын қамтамасыз етусіз қалдыратынын айтқан:

– Ферғанада 74 адамды алып кетейін бе, жоқ па?.. Егер осындай оқиға тағы қайталанатын болса, мен бұдан әрі бұл жаққа келмеймін... Ленбургдан (Сох анклавындағы өзбек ауылы) кім келді? Біз оны Сох ауданының картасынан сызып тастаймыз! Сіздер бұл жерде бізге проблема туындату үшін отырсыздар ма?! Қазір 74 жігітті түрмеге қамап қоямыз, осыны қалайсыздар ма?

31 мамырда Қырғызстанның Чечме ауылы мен Өзбекстанның Сох ауданы Чашма ауылы ортасындағы тұрғындар бұлаққа таласып, жанжал шығарды. Қырғыз тарапынан 25 адам түрлі жарақат алған, екі адамның жағдайы ауыр. Өзбекстан 187 азаматы жараланғанын хабарлады.

Жанжалдан кейін Сох өңіріне Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Ариповтің өзі келіп кеткен және ол Қырғызстанның бірінші вице-премьер-министрі Кубатбек Бороновпен кездескен. Аймақтағы жағдайды 1 маусымда екі ел президенті телефон арқылы талқылаған.

Осы апта соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ферғана облысына баратыны хабарланды.

XS
SM
MD
LG