Ссылки доступа

Сот Назарбаевты балағаттаған қарағандылық Хасеновтің бас бостандығын үш жылға шектеді


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасын сынап әрі балағаттап, видео жариялаған қарағандылық Арман Хасеновке сот үкімі шыққаны белгілі болды.

Қарағанды облысы сотының баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, Қазыбек аудандық қылмыстық істер соты Хасеновтің бас бостандығын үш жылға шектеп, пробациялық бақылаудан өтіп тұруды міндеттеген.

Сот 29 жастағы Хасеновті Қылмыстық кодекстің "Қазақстанның бірінші президенті – Елбасының беделіне БАҚ не желі арқылы нұқсан келтіру" бабымен айыпты деп тапқан. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкімге сай Хасенов жазасы біткенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмыс істеуі тиіс. Айыпталушы қамаудан босатылды.

Сот үкімі 30 сәуірде шыққан. Сәуірдің ортасында ҰҚК қызметкерлері Хасеновті ұстап тергеу изоляторына жапқан.

Соттың мәлімдеуінше, Хасенов бұрын сотталмаған. Ол Назарбаевты балағаттаған 7 минуттық видео түсіріп, жариялағаны үшін айыпталған.

Сот үкімінде айыпталушының түсініктемесі келтірілген. Онда Хасенов "ызалықтан азаматтық пікірін білдіргісі келгені" айтылған. Құжаттағы дерекке сай, айыпталушы сотта "Елбасының балағаттауға моральдық құқығы болмағанын" айтқан. Хасенов сот отырысында "шектен шығып кеткенін түсініп, аудиожазба арқылы кешірім сұрамақ болғанын", бірақ "өзін ұстап әкеткенін" жеткізген.

Облыстық соттың хабарлауынша, Хасенов сотта айыбын мойындап, кешірім сұраған және қатаң жазаламауды өтінген.

Хасенов видеосында конституциялық төңкеріске не митингіге шақырмайтынын, бірақ ештеңеден қорықпайтынын, айтқан сөзі үшін жауап беруге дайын екенін жеткізген.

13 сәуірде ҰҚК баспасөз қызметі Хасеновтің "интернетке біржақты видео жариялағаны үшін" ұсталғанын хабарлаған. Бірақ тұрғынға нақты қандай айып тағылғанын айтпаған.

Хасеновтің ұсталғаннан кейін белсенділер мен құқық қорғаушылар тарапынан оның жағдайы жайлы хабар ала алмаған. Жақындары я таныстары да қандай да бір ақпарат бермеген. Оның адвокаты бар-жоғы да белгісіз болды. Сәуірдің соңында ҰҚК өкілі Ахметқалиев Азаттықтың ресми хатына "Хасеновтің ісі бойынша ақпарат жариялауға жатпайды" деп жауап берген.

Хасеновтің үкімі – "Қазақстанның бірінші президенті – Елбасының беделіне БАҚ не желі арқылы нұқсан келтіру" бабы бойынша шыққан алғашқы сот үкімі. Бұл бап бойынша, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

XS
SM
MD
LG