Ссылки доступа

Денсаулық сақтау министрі карантин кезінде жұрттың митингіге шыққанына қарсы (видео)


Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 4 маусымда өткен онлайн брифингте жұртты карантин кезінде митингіге шықпауға шақырды.

"Карантин кезінде жұрт көп жиналатын шараларға тыйым салынады. Бұл адамдар үшін қауіпті. Заңды сақтау керек. Пандемия кезінде, эпидемия кезінде бас санитарлық дәрігердің қаулысын сақтау керек. Митинг ұйымдастырушыларға айтарым, мұндай шараларды кейінге шегере тұрған дұрыс. Митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді. Біз бұған қарсымыз" деді министр.

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымға билікке қарсы митингіге шақырған.

Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген. Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.

Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Мұхтар Әблязовқа Қазақстанда "ақша жымқыру", "қылмыстық топ құру", "адам өлтіруді ұйымдастыру" сияқты бірнеше баппен екі рет сырттай сотталды. Әблязов Қазақстан билігі таққан айыптың бәрін жоққа шығарып, "билікке оппозиция болғаным үшін өш алғысы келеді" деп санайды.

Ал Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде "Демократиялық партия" құрғысы келген. Бірақ Мамай билік тарапынан қысымға шағымданған. Биыл ақпанда бастамашыл топ "партияның құрылтай съезін өткізуге билік кедергі жасап, съезге келетін делегаттарды жолдан алып қалды" деп мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар елде ықтимал митинг қарсаңында белсенділер қамалып, митинг болады деп белгіленген орындардың қоршауға алынатыны әдетке айналған. Бұл жолы да Қазақстанның түрлі аймағында бірнеше белсенді жазаланды.

XS
SM
MD
LG