Ссылки доступа

ІІМ митингіде 53 адам ұсталғанын хабарлады. Азаттық тілшілері жүзден астам адамды әкеткенін көрген


Қазақстан ішкі істер министрлігі 6 маусымда билікке қарсы бейбіт митинг кезінде 53 адам ұсталғанын хабарлады. ІІМ олардың сегізі әкімшілік жауапқа тартылғанын, жетеуіне айыппұл салынғанын, бір адамға ескерту берілгенін айтады.

Министрлік билік өкіліне күш қолданған екі адамға (оның бірі - белсенді Әсия Төлесова) қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын, басқаларға профилактикалық әңгімеден соң босатылғанын мәлімдеді.

Бірақ Азаттық тілшілері 6 маусымдағы митингіде кем деген алты қалада жүзден астам ұсталғанын көрген. Ал бақылаушылардың есебінше наразылықта полиция кем дегенде 311 адамды ұстап әкеткен.

ІІМ "митингіден кейін қамалғандар" жайлы ештеңе айтпады. Бірақ Нұр-Сұлтанда кем дегенде үш белсенді "Бейбіт митинг туралы заңды бұзды" деген айыппен 10-15 күнге қамалған.

Өткен сенбіде Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы митинг өтіп, полиция алаңға келген наразыларды ұстап, қарсылық шарасына кедергі жасады.

Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымда билікке қарсы митингіге шақырған еді.

Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.

Наразылық шарасы елде "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң күшіне енген күнмен тұспа-тұс келді. Бұған қоса, бұл митинг - елде коронавирус тарауына байланысты төтенше жағдай аяқталған соң өткен алғашқы шара.

Қазақстанда жаңа қабылданған Бейбіт митинг туралы заңға сай, елде жұрт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескерту жасауы тиіс. Билік ескертілмеген митингіні заңсыз деп таниды.

XS
SM
MD
LG