"Лебаптағы цемент зауыты наурыздың айлығын төлемеген, Сейдидегі мұнай өңдеу зауыты сәуірдің жалақысын аудармады. Мектептер, ауруханалар және мәдениет үйлері мамырдың айлығын кешіктіріп жатыр" деп хабарлады Азатлыктың Лебаптағы тілшісі. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшылар қаңтар айынан бері жалақы алмаған.
Ашғабадтағы бірқатар мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын мамырдың айлығын әлі төлемеген, бірақ зейнетақы мен өтемақыны банк картасына аударған. Сол себепті банкоматтар алдында кезек көп.
5 маусымда президент Гурбангұлы Бердымұхамедов үкімет отырысында мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және айлықты уақытылы төлеу мәселелерін көтерді.
Президент үкіметке жалақы төлеуді кешіктіру себептерін анықтауды тапсырған.
Түркіменстан билігі елде экономикалық дағдарыс орнағанын мойындамай отыр. Билік туындаған мәселелердің себебін ортаңқол шенеуніктерге жаба салуға бейім.