Ссылки доступа

Пхеньян Сеулмен байланыс үзілгенін жариялады


Солтүстік Корея 8 маусымда Оңтүстік Кореямен телефон байланысын үзетінін жариялады. Бұл туралы КХДР-ның мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

9 маусымда түсте Солтүстік Корея Корейаралық байланыс кеңсесіндегі коммуникация желісін, бұған қоса екі елдің үкіметі мен әскері арасындағы телефон байланысын үзеді.

"Сатқындар мен алаяқтар жасаған қылмысына жауап беруі үшін, КХДР басшылығы Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланыстың барлық түрін үзуді тапсырды" делінген мемлекеттік агенттік хабарламасында.

Пхеньянның мұндай шешіміне оңтүстіктегі белсенділердің Солтүстік Кореяға үгіт-насихат парақтарын жолдауы себеп болды. Өткен аптада Пхеньян Сеулмен бірлескен жобаларын тоқтататын жариялаған.

Сейсенбі түні Оңтүстік Корея билігі КХДР Сеулдің телефон қоңырауларына жауап бермей жатқанын хабарлады.

Екі Корея әлі де болса соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр, өйткені 1950-1953 жылдардағы Корея соғысының аяқталуы туралы бейбіт келісім жасалған жоқ. Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы байланыс 2018 жылы ғана қалпына келе бастаған еді.

XS
SM
MD
LG