Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ Еуроодақ ғимараты алдына акцияға шыққан белсенділерді ұстап әкетті


10 маусымда күндіз Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі ғимараты алдында наразылық акциясын өткізген он шақты азаматтық белсендіні полицияның арнайы жасағы ұстап әкетті.

Сәрсенбі күні түс кезінде Еуроодақ өкілдігі ғимараты алдына жиналған белсенділер 6 маусымда митингіден кейін ұсталғандарды босатуды талап еткен еді. Олар Қазақстанда сөз бостандығы, адам құқығы сақталмай отырғанын сынап, өздерін Еуропа елдері естиді деп үміттенетінін жеткізді.

Олардың қолында қазақ, орыс, ағылшын тілінде «Еуродақ, Қазақстан халқымен бірге бол!», «Руслан Нұрқанов, Айбек Сәбитов, Дархан Өмірбаевқа бостандық!» деген жазуы бар, есектің суреті, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті салынған плакаттар болды.

Наразылық білдіргендерге Есіл аудандық санитарлық эпидстанция басшысы Арман Құрбанов келіп, карантин жағдайында адамдардың топ болып жиналуы заңсыз екенін ескертті.

Бұдан соң полицияның арнайы жасағы белсенділерді сүйрелеп, бірнеше автобусқа отырғызып, алып кетті.

Нұр-Сұлтандық белсенділер 8 маусым күні де уақытша қамау изоляторы алдында осыған ұқсас акция өткізген еді. Олар босатуды талап еткен белсенділердің бірі Дархан Өмірбаевтың қамауда жатып аштық жариялағанына бес күн болған. Бұл туралы абақты қызметкерлері де растап, оның денсаулығы жақсы, дәрігерлер бақылауында екенін айтқан.

6 маусымда Қазақстанда бір-бірін мойындамайтын тіркелмеген оппозициялық екі топ - “Демократиялық партия” және Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы митинг ұйымдастырмақ болған еді. Алайда полиция олардың бір бөлігін белгіленген орынға жеткізбестен ұстап әкеткен болатын.

XS
SM
MD
LG