Дегенмен жазаны орындау бас басқармасы қайтыс болғандар коронавируспен емес, пневмониямен ауырған дейді. Жабық мекемелерде кісі өлімі көбейгенін естіген адам құқығын қорғаушылар алаңдап отыр.
Тәжікстанның қылмыстық жазаны орындау бас басқармасының бастығы Мансурджон Умаровтың айтуынша, қамауда отырғандардың жетеуінің ыстығы көтерілген. Бұл - коронавирус ауруының негізгі белгілерінің бірі.
Алайда Умаров тәжік түрмелерінде қайтыс болған 11 адамның өліміне пневмония себеп болды деп мәлімдеді. "Оларды тексерді. Олардың пневмониямен ауырғаны анықталды", - деді ол.
Жазасын түрмеде өтеушілердің бірінің ұлы Шухрат Рахматулло әкесінің рентген суретін дәрігерлерге көрсеткен. Олар науқас коронавирус жұқтырғанын айтқан. Бірақ түрмеде отырғандардың коронавирус жұқтырған-жұқтырмағанын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Дәрі-дәрмектерді оларға туыстары жеткізіп отыр.
"Оларға дәрі бермейді. Бір мәрте маска таратқан. Әкем оны бірнеше күн бойы таққан. Түрмеде жалғыз ғана градусник бар", - деді Рахматулло Раджабтың ұлы.