Ссылки доступа

Сауд Арабиясынан оралған қандас қазақ екенін дәлелдей алмай жүр (видео)


Махмуд Абдилкарим Жарылкап

Қазақстанға Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан көшіп келген ондаған этникалық қазақ ықтияр хат я оралман мәртебесін ала алмай жүр. Билік олардан сотталмағаны жайлы құжат, қазақ екеніне дәлел сұрайды.

2018 жылы ақпанда Сауд Арабиясынан Қазақстанға көшіп келген 51 жастағы Махмұт Әбділкәрім Жарылқаптың (Ауғанстан полициясы берген анықтамада Махмуд Абдул Карим Жар Алкаб деп жазылған) отбасындағы сегіз адам да содан бері құжатсыз жүр.

Махмұттың айтуынша, атасы Жарылқап қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданында туып өскен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары совет үкіметі орнағаннан кейін Ауғанстанға көшкен. 1976 жылы олар Түркия арқылы Сауд Арабиясына көшіп барыпты, Меккеде тұрған.

- Ол кезде алты жаста едім. Жиырмаға толғаннан кейін Жиддаға қоныс аудардым, Біраз уақытым сол жақта өтті, Істемеген жұмысым жоқ. Алты сыныптық қана білімім бар - дейді Махмұт.

Оның айтуынша, отбасындағы жандар 40 жылдам астам уақыт Ауғанстан азаматы ретінде Сауд Арабиясында ықтияр хатпен тұрған. Махмұттың әке-шешесі мен атасы 1998 жылы Сауд Арабиясынан Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған. Кейін осында қайтыс болған. Махмұттың өзі сырқат қызының денсаулығына қарайлап, отбасымен Сауд Арабиясында қалуға мәжбүр болғанын айтады. Тек арада 20 жыл өткенде атамекенге қоныс аударған.

Махмұт әке-шешесі мен атасының Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын құжаттарды көрсетті. Атасы Жарылқапқа Ішкі істер министрлігі берген төлқұжатта "Қуан Жарылқап, 1924 жылы Қызылорда облысында туған. Ұлты - қазақ" деп жазылған. Ал Махмұтқа Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі берген визада оның "этникалық қазақ" екені көрсетіліпті.

- Маған Жиддадағы елшілік С10 визасын беріп, "үш айға жарамды, елге барған соң құжаттарыңызды реттеп аласыз" деді. Мен жиырма күннің ішінде барлық құжаттарымды дайындап, көші-қон полициясына бардым. Бірақ менен "Ауғанстанда сотталмағаның туралы қағаз әкел" деді. Мен ол елден алты жасымда кеткем, содан қайтып барған емеспін. Ондай қағазды қалай аламын? - дейді ол налып.

С10 визасы шетелде тұратын этникалық қазақтарға ғана беріледі. Махмұттың айтуынша, отбасы мүшелерінің құжатында (Ауғанстан паспортында) ұлты жазылмаған. Тек қосымша берілетін анықтамадағы "тілі" деген тұсына "қазақ" деп жазылыпты. "Біздің ұлтымызды Ауғанстанда осылай анықтайды" дейді Махмұт. Мұндай қағаз Имам Әлі Тұрапта да бар.

Махмұттың алты баласының үшеуі кәмелетке толғанын, екі ұлы Мекке қаласында 12 жылдық мектепті бітіргенін айтады. Ал қызы Қазақстанға келген соң былтыр он бірінші сыныпты тәмамдапты. Бірақ үшеуі де қазір жұмыссыз отыр. Ересек балалар ана тілін енді үйреніп жүрсе, мектепте оқитын үш баласы қазақша жатық сөйлейді екен.

Махмұт қант диабетімен ауыратынын, ауыр жұмысқа жарамайтынын айтады.

- Ықтияр хатпен жүрсем де Сауд Арабиясында дәрігерлер уақытымен қарап, емдеп тұратын еді. Ал мұндай құжатым болмағандықтан дәрігер де тіркеуге алмайды, қарамайды, - дейді ол.

Отбасы қазір Қаскелеңдегі жамағайын туысының үйін жалдап тұрады. Махмұттың әйелі тігін тігеді, балалары уақытша жұмысқа жалданады. "Осылайша тапқан бірде бар, бірде жоқ аз-мұз табысқа күн көріп жатырмыз" дейді отағасы.

Ресми тұлғалардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 28 жылда шетелден тарихи атамекеніне бір миллионнан астам этникалық қазақ оралған.

XS
SM
MD
LG