Ссылки доступа

Қырғыз үкіметіне басшылыққа вице-премьер Бороновты ұсынды


Парламенттегі коалиция Қырғызстан премьер-министрі қызметіне бірінші вице-премьер-министр Кубатбек Бороновты ұсынады. Бұл туралы Азаттық радиосының қырғыз қызметі 16 маусымда парламенттегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Бір күн бұрын қырғыз премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев отставкаға кетті. Жемқорлық дауында аты аталған шенеунік: "Бұл іске менің қатысым жоқ, маған тағылған айыптарға дәлел жоқ" деп мәлімдеді.

Айта кетерлік жайт, тергеу органдары шенеунікті тергеуге қатысты сауалдармен мазаламаған. Бірақ парламент депутаттары бұл дауға Абылгазиевтің де қатысы болуы мүмкін деп болжаған.

Бұған дейін елде "Билайн" сауда маркасына тиесілі "Скай Мобайл" компаниясына радиотолқын сату ісі бойынша тергеу басталған. Бұл істе Абылгазиевтің де есімі аталған. Кейін ол еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған. Абылгазиев өз мәлімдемесінде "бұл жайт толық жұмыс істеуге кедергі келтіретінін" айтқан.

Шенеунік радиотолқынын сату ісіне қатысы жоғын, өзіне тағылған айып орынсыз екенін айтты. Сөзінше, тергеу орындары өзіне хабарласпаған.

Абылгазиев 27 мамырда "тергеуге қысым жасамас үшін және тергеудің әділ өтуі үшін" қысқа уақытқа демалысқа кеткен.

Қазірге бар дерекке сай, "Билайн" ұялы байланыс операторы 200 МГц жиілікті иеленген AlaTV компаниясын 1,8 млн долларға сатып алған. 2020 жылы наурызда "Билайн" AlaTV компаниясының толқынын 4G интернет үшін қайта рәсімдеген. "Билайн" мұны рәсімдеуге 700 сом төлеген.

Бұл іс бойынша бірнеше шенеунік қамалған. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, істі тергеп жатқан Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті және бас прокуратура ұсталғандардың есімін жарияламай отыр. Тек Мемлекеттік байланыс агенттігінің экс-директоры Наталья Черногубованың қамалғаны белгілі болды.

Қазір премьер-министр міндетін бірінші вице-премьер Кубатбек Боронов уақытша атқарады.

XS
SM
MD
LG