Соғды облысындағы "Ойбек" шекара бекетінде 500-ге жуық адам тұр. Олардың дені - Ресей азаматтығын алған тәжікстандықтар. Ресей Тәжікстандағы азаматтарын алып кету үшін арнайы рейс ұйымдастырғанымен, 400 евро тұратын билетке ақша жоқ дейді олар.
"Жағдайы барлар билет сатып алып, арнайы рейспен кетті. Ал біз автокөлікпен осында тұрмыз. Біздің мәселемізді қарап жатқан ешкім жоқ. Ақша да қалмады", - деді Шах есімді азамат.
Ресейдің Худжандтағы бас консулдығы бұл азаматтардың мәселесін біледі. Дипломаттар әзірге шекара жабық екенін айтып отыр.
Маусым айының басында Ресейдегі еңбек мигранттары да осындай мәселеге тап болды. Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары Ресейден қайта алмай, шекара маңында көптеп жиналып қалды. Мысалы, Тәжікстан билігі қазақ-өзбек шекарасында қалып қойған 237 азаматын елге қайтарып алды.