Әлеуметтік желі қолданушылары милиция қызметкерінің бұл әрекетін сынады. Нүкіс тұрғындарының айтуынша, бұл оқиға 14 маусымда вокзал маңында болған. Сол күні милиция карантин талаптарының орындалуын тексерген.
Оқиға болған жерге жиналғандар милиционерге тізесімен жігіттің мойнын қатты баспауын сұраған. "Қылқындырма, оны өлтіресің", - деп айқайлаған жиналған халық.
Видеоны "Қарақалпақстан жаслари" Telegram-арнасына жариялаған Санжар есімді азаматтың айтуынша, құқық қорғау органының қызметкері маска тақпаған жігітке күш көрсеткен.
"Адамдар қоғамдық орындарға маска тағып жүруі керек. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері адамдардың қолын қайырып, жерге жығып, тізесімен мойыннан баспауы керек. Нүкісте милиционерлер маска тақпағандарды ұстап, айыппұл салу жоспарын орындап жүр", - дейді қала тұрғыны.
Қарақалпақстан ішкі істер департаменті маска тақпағаны үшін ұсталған жігітке әкімшілік хаттама толтырылғанын, ал аға лейтенант әрекетінің қаншалықты заңға қайшы екенін анықтау үшін қызметтік тексеру жүріп жатқанын хабарлады.