Ссылки доступа

Қазақстан коронавирустың өршуіне байланысты шектеуді күшейтті


Қазақстанда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Павлодар мен Екібастұз қалаларында шектеу шаралары күшейтіледі.

20-21 маусымнан бастап осы қалаларда:

  • ірі сауда, қызмет көрсету орындарының, базарлардың жұмысы тоқтатылып, қоғамдық көлік қызметі шектеледі;
  • саябақтар, скверлер, жаяу серуен аймағы, өзен, су қоймаларының жағалауы, тау шаңғысы курорттары мен өзге де қоғамдық орындар жабылады;
  • дәмханаларға тек даладағы орындарында қызмет көрсетуге рұқсат етіледі, бірақ келушілер белгіленген ара қашықтықты ұстануы шарт;
  • спортзал, фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады;
  • 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуына болмайды;
  • тұрғын саны 50 мыңнан асатын қалаларда саябақ, жағалау, жағажай, аквапарктер жұмысы тоқтатылады.

Бұған қоса үкімет аймақ әкімдіктеріне тез арада халықты ПТР-тестіден өткізуге арналған қосымша зертхана ашуды, ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындарды көбейтуді, науқастарды компьютерлік томографиядан өткізуді жолға қюды, жедел жәрдем станцияларының уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді, үйінде емделіп жатқан науқастарды қашықтан бақылауды тапсырды.

Билік коронавирус инфекциясынан қорғану үшін белгіленген арақашықтық ұстанып, вирустан қорғану шартын орындауды тұрғындардың қаперіне салды.

COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстанда биыл 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар мен аймақтарда карантин енгізілген. 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғанып, карантин шектеуі босаңдатылғанымен вирустың таралуы бәсеңдемеді.

3 маусымнан бастап Қазақстан билігі COVID-19 жұқтырғандарды "ауру белгісі бар" және "симптомы жоқ" деп екі бөлек есептеуге көшкен. Бірақ коронавирус жұқтырғандар мен одан өлгендер саны күн санап өсіп бара жатқаны байқалды. Бұл жағдай билікті шектеу шараларын қабылдауға мәжбүрледі.

Алматыда 15 маусымнан бастап барлық базар, сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын онлайн форматқа көшірді. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, банктер өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Компьютер орталықтары, боулинг, букмекер кеңселері, банкет орындары, бильярд залдары, караоке орталықтар жабылды.

Алматының "Көк базарында" 21 адамнан вирус табылғаннан кейін сауда орнының жұмысы тоқтады. Оның іргесіндегі "Рахат" кондитер фабрикасындағы қызметкерлердің үштен екісі COVID-19 жұқтырғаны анықталып, ол да уақытша жабылды.

Індет билік басында отырғандарға да жетті. 18 мамырда Қазақстанның бұрынғы президенті 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың вирус жұқтырғаны хабарланды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәжіліс төрағаы Нұрлан Нығматуллин, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, өзге де шенеуніктерден коронавирус табылған.

Індетке байланысты премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаржы министрі Ерулан Жамаубаевтың оқшауланғаны хабарланды.

18 маусымда таңертең жарияланған ресми мәліметке сай, 13 наурыздан бері елде коронавирус жұқтырғандар 22 708 адамға жеткен. 9902 адам дерттен айығып, 100 адам қайтыс болды.

XS
SM
MD
LG